Logo

Жаңа Конституцияның негізгі құндылығы – адам, оның өмірі, денсаулығы және лайықты өмір сүруіне жағдай жасау

Опубликовано: Милана

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының күшіне енуімен еліміздің дамуындағы жаңа кезең басталып отыр. Жаңартылған Ата Заң адамға бағдарланған мемлекеттік саясат қағидатын орнықтырып, азаматтардың өмірі, денсаулығы мен әл-ауқатын мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде айқындайды.
Конституцияда халық денсаулығын сақтау мәселесіне ерекше мән берілген. Мемлекет сапалы, қауіпсіз және қолжетімді медициналық көмекті қамтамасыз ету жөніндегі өз міндеттемелерін сақтап қана қоймай, оларды одан әрі күшейтуде. Денсаулық сақтау жүйесін тұрақты қаржыландыру тетіктерінің конституциялық деңгейде бекітілуі саланың орнықты дамуына және заманауи медициналық тәсілдерді кеңінен енгізуге берік негіз қалайды.
Жаңа конституциялық нормалар профилактикалық медицинаны, қоғамдық денсаулықты, медициналық ғылым мен инновацияларды дамытуға, цифрлық технологияларды енгізуге, сондай-ақ азаматтардың денсаулығына зиян келтіруі мүмкін жалған ақпараттың таралуына қарсы тиімді құқықтық тетіктерді қалыптастыруға жаңа мүмкіндіктер ашады. Мұның барлығы аурудың алдын алуға, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және белсенді ұзақ өмір сүруді қамтамасыз етуге бағытталған заманауи денсаулық сақтау жүйесін қалыптастыруға қызмет етеді.
Осы тұрғыда медициналық оңалту мен шипажайлық-курорттық емдеудің маңызы айрықша. Бүгінде олар тек аурулардан, жарақаттардан немесе операциялардан кейін қалпына келтіру кезеңі ғана емес, сонымен қатар созылмалы аурулардың алдын алудың, еңбекке қабілеттілікті сақтаудың және халық денсаулығын нығайтудың маңызды құралы ретінде қарастырылады. Мұндай кешенді тәсіл адамның денсаулығын қалпына келтіріп қана қоймай, оның өмір сапасын арттыруға, асқынулардың алдын алуға және денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Бұл мемлекеттік басымдықтар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Курортология және медициналық оңалту ғылыми-зерттеу институты мен оның филиалдарының қызметінде нақты іске асырылып келеді. Биыл «Бурабай» емдеу-сауықтыру кешені ұлттық аккредиттеудің қайта рәсімінен сәтті өтіп, I санаттағы ұлттық аккредиттеуді иеленді. Бұл – көрсетілетін медициналық көмектің жоғары сапасының, пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің, тиімді басқару жүйесінің және ұжымымыздың кәсібилігінің айқын дәлелі.
Біз жыл сайын медициналық оңалту мен санаторийлі-курорттық емдеудің жаңа технологияларын енгізіп, емдеу-сауықтыру бағдарламаларын жетілдіріп келеміз. Сонымен қатар әлемнің жетекші шипажайларының озық тәжірибесін зерделеп, оны өз тәжірибемізге енгізудеміз. Әрбір пациентке жеке көзқарас қалыптастыруға, табиғи емдік факторларды тиімді пайдалануға, заманауи физиотерапиялық әдістер мен кешенді оңалту бағдарламаларын қолдануға ерекше көңіл бөлінеді.
Қазіргі заманғы медицина ғылым мен практиканың өзара тығыз ықпалдасуынсыз дамуы мүмкін емес. Осыған байланысты институтымызда медициналық оңалтудың жаңа әдістерін әзірлеуге, табиғи емдік факторлардың тиімділігін ғылыми тұрғыдан негіздеуге, клиникалық хаттамаларды жетілдіруге және шипажайлық медицинаның дәлелді базасын нығайтуға бағытталған ғылыми жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Ғылыми зерттеулердің нәтижелері күнделікті тәжірибеге енгізіліп, медициналық көмектің сапасын үздіксіз арттыруға ықпал етуде.
Жаңа Конституцияның қағидаттары отандық денсаулық сақтау саласының одан әрі дамуына қуатты серпін береді деп сенемін. Біз өз тарапымыздан медициналық оңалту мен шипажайлық-курорттық көмектің сапасын арттыруды, профилактикалық бағытты нығайтуды, инновациялық технологияларды енгізуді және саланың ғылыми әлеуетін одан әрі дамытуды жалғастыра береміз.
Біздің басты мақсатымыз – әрбір қазақстандықтың денсаулығын сақтау, өмір сүру сапасын жақсарту және әл-ауқатын арттыру. Өйткені Жаңа Конституцияның негізгі құндылығы – адам, оның өмірі, денсаулығы және лайықты өмір сүруіне жағдай жасау.


*Тастанбеков Қайрат Адаханұлы*

ҚР ДСМ Курортология және медициналық оңалту ҒЗИ филиалы "Бурабай" емдеу-сауықтыру кешенінің бас дәрігері