Дәстүрлі медицина саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту
Жарияланды: Милана
2024 жылғы 1 желтоқсанда Чэнду қаласында (Сычуань провинциясы, Қытай) "Қытай – Орталық Азия" форматында Сыртқы істер министрлерінің бесінші кездесуі өтті. Кездесу қорытындысы бойынша алты елдің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары мәдениеттерді өзара зерделеуді тереңдетуге және ұзақ мерзімді достық негіздерін нығайтуға келісті.
Қол жеткізілген уағдаластықтар шеңберінде Қытай үш жыл ішінде Орталық Азия елдерінен басым бағыттар бойынша мамандар даярлау үшін 1500 білім беру мүмкіндігін береді. Ағымдағы жылдың мамыр және маусым айларында Сычуань провинциясында екі оффлайн және үш онлайн курс жоспарланған.
12-17 мамыр аралығында дәстүрлі қытай медицинасын диагностикалау мен емдеудің бірегей әдістерін оқыту курсы өтті. Оған ҚР ДСМ Курортология және медициналық оңалту ҒЗИ директорының ұйымдастыру-әдістемелік жұмысы жөніндегі орынбасары Қанат Текебаев қатысты.
Курс бағдарламасы Орталық Азия мен Қытай елдерінің мамандары арасындағы өзара оқыту мен практикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге бағытталған. Қатысушылар дәрістерді тыңдап, провинцияның жетекші медициналық және ғылыми мекемелеріне барды, қытай тарапының озық тәжірибелерімен танысып, пікір алмасты және одан әрі ынтымақтастық перспективаларын талқылады. Оқу аяқталғаннан кейін барлық қатысушылар тиісті сертификаттар алды.
ҚР ДСМ Курортология және медициналық оңалту ҒЗИ озық тәжірибені енгізу және халықтың денсаулығын сақтауға және нығайтуға бағытталған денсаулық сақтау жүйесін нығайту мақсатында халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуді жалғастыруда.

Мамыр 20, 2025, 4:06 Т.Қ.